21 тамыз күні Астана қаласы Назарбаев университетінде “Digital Kazakhstan: заманауи білім беру” тақырыбында өткен педагогтердің жыл сайынғы тамыз кеңесіне мектеп-лицейіміздің информатика пәні мұғалімі Ляззат Асылбекқызы қатысып, республикалық деңгейдегі атаулы іс-шарада барша Тамыз саммитіне қатысушы педагогтердің атынан білім беру жүйесіндегі қызметкерлерге үндеу жасады.
Білім жүйесіне цифрлық білім беру өнімдері мен жасанды интеллектті белсенді енгізу зор мүмкіндіктермен қатар адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарына қауіпті де арттырады. Ляззат Асылбекқызы өз сөзінде еліміздің білім беру жүйесінің барлық қызметкерлеріне қауіпсіздік, кәсіпқойлық, адалдық, инклюзивтілік сынды негізгі қағидаттарды қабылдауға және сақтауға шақырды. Жасанды интеллект әртүрлі білім беру сайттарын, бағдарламаларын, қосымшаларын және басқа да сандық ресурстарды пайдалануды көздейді. Бұл шешімдердің барлығы педагогке білім сапасын жақсартуға ғана көмектесетін қосымша құралдар ретінде қолданылуы керек.
Тамыз Саммиті аясында кәсіби жетістіктерімен және оқушыларының жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген Ляззат Асылбекқызы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Құрмет грамотасымен" марапатталды. Ляззат Асылбекқызы жаңа бастамалар мен даму барысында жүргізілген жұмыстарға қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп отырған мектеп директоры Жеңіс Меңдіғалиұлына алғыс білдіріп, әріптестеріне жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.