Жүрек тебірентер сәт. Ерекше толқыныс. Бүгін, 2024 жылдың 13 маусымында Салтанат сарайында лицейімізде бақытты балалық шақтарын өткізіп, ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіріп, білім нәрімен сусындаған шәкірттерімізге өмірге жолдама ретінде аттестат табыс ету салтанатты жиыны оздырылды. Салтанатты жиынға мектеп ұстаздары мен ата-аналар және түлектер қатысты.
ҚР-ның мемлекеттік гимнімен басталған жиында лицей директоры Шонбаев Жеңіс Меңдіғалиұлы тілегін жеткізіп, білімге деген құштарлықтарымен, зияткерліктерімен ерекшеленген, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіш көрсеткен «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлеріне аттестаттарын табыстады.
Биылғы оқу жылында лицейімізден 56 түлек асқақ армандарымен үлкен өмірге қанат қақты. Олар түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы нәтижеге, биік жетістіктерге қол жеткізді. Олардың 7-і «Алтын белгі», 9-ы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Аттестат деген – азаматтық куәсі,
Аттестат деген - өмірге берген жолдама, - демекші, директордың орынбасарлары түлектерге 11 жыл алған білімнің жемісі - Жалпы орта білім туралы аттестаттарын табыстады.
Ата-ана мен мектептің қарым-қатынасы - ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағы. Осы орайда «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерінің ата-аналары да алғыс хаттармен марапатталды.
Сынып жетекшілері сөз сөйлеп, жалпы орта білімді аяқтап жатырған ұл-қыздарына ұстаздық лебізін жеткізсе, ата-аналар да ақжарма тілектерін арнап, баталарын берді. Толқынысқа толы осы бір сәтте балалық балдәурен шақты артқа тастаған мектеп түлектеріміз де алтын ұясына, сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарына, аялап-өсірген ата-аналарына ризашылықтарын білдіріп, сыныптастарына сәттілік тіледі. Кеш барысында шырқалған ән-шашу, әсем би түлектерге арналды.
Алқынып арман қуған жүректері,
Бұл күн-дағы өмірдің бір өткелі.
Орындалсын ойдағы армандарың,
Шыңға өрлеңдер, ІТ лицей түлектері!