26 сәуір күні мектебімізде химия, биология, география пәндері апталығының жабылуы аясында «Жаратылыстану – өмір тану, табиғаттың сырын табу» атты форум өткізілді. Форумның мақсаты - оқушылардың экологиялық білімін тереңдету, табиғатты қорғау қызметіне баулу.
Көрмеде мектеп оқушыларының қолдан жасаған әртүрлі бағыттағы макеттері қойылды. Атап айтқанда, экожәшіктер орнату, ақылды үй, жылыжай салу, қалдықтарды қайта өңдеу, көркейту, көгалдандыру бойынша жүргізілетін жұмыстары т.б. ұсынылып, таныстырылды. Әр макет өзіндік сипатымен ерекшеленіп, жаһандық экологиялық проблемаларды, қоршаған ортаны ластау көздерін, қалдықтарды жою мәселелерін, Қазақстан қалалары мен далалық аймақтардың бүгіні мен болашағын көрсетті.
Оқушылар өз жас ерекшеліктеріне қарай қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін, энергия үнемдеу, табиғатты қорғау бойынша өз ойларын ортаға салды.
Аталған мазмұндағы форумдар арқылы қоршаған ортаны мәпелейтін саналы ұрпақ өсері сөзсіз. Бұл күнгі форум әсерлі болды. Форумның жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.