Ұлттық дәстүр ұлықталған Көрісу күні
Лицейімізде ұлттық дәстүрді дәріптейтін Көрісу күні ерекше көңіл-күймен аталып өтті.
Іс-шара барысында 7–8 сынып оқушылары 9–10 сыныптарға арнайы барып, көрісу дәстүрін орындады.
Оқушылар өздерімен бірге түрлі ұлттық тағамдар апарып, оларды таныстырды. Бұл – қазақ халқының қонаққа барғанда өзімен бірге дәм апару деген әдемі дәстүріне негізделген. Халқымызда қонаққа құр қол бармай, дастарханға өз үлесін қосып бару – сыйластық пен құрметтің белгісі болып саналады.
Іс-шара барысында осы салтқа сай оқушылар апарған тағамдарын таныстырып, оның жасалу жолы мен маңызы туралы айтып өтті. Сонымен қатар қонақ күткенде дастарханнан ауыз тию дәстүрі де орындалып, шағын дастархан жайылып, оқушылар бір-біріне дәм ұсынып, татулық пен қонақжайлылықтың мәнін сезінді. Бұл қазақ халқының кеңпейілдігін, бір-біріне деген құрметін көрсететін тәрбиелік мәні зор дәстүр екені түсіндірілді.
Кездесу барысында оқушыларға көрісу, қонақжайлылық, ерулік сияқты қазақ халқының әдемі салт-дәстүрлері туралы мағлұмат беріліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Шара барысында шашу шашылып қана қоймай оның мәні түсіндірілді. Бұл дәстүр халықтың қуанышты бірге бөлісіп, жақсылықты көпшілікпен бөлісу ниетін білдіреді.
Бас қосу бата берудің маңыздылығын айта отырып, бата берумен тәмамдалды.
Сонымен қатар 11-сынып оқушылары ұстаздарға көрісіп, ән айтып, өз құрметтерін білдірді. Мұғалімдер де түлектерге ақжарма тілектерін айтып, баталарын берді.
Үзіліс кезінде барлық оқушыларға наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, ұлттық тағамнан дәм татты.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы оқушылар халқымыздың салт-дәстүрін тереңірек танып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиеленеді.