«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында мектепішілік «Ата-аналар мектебі» жобасы бойынша 8-сыныптарда тағылымды іс-шаралар өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты – ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, оқушылардың тұлғалық дамуына қолдау көрсету.
8 «Ә» сыныбында «Өз ісіңе жауап беру – үлкен жетістікке жол» тақырыбында сынып сағаты өтті. Іс-шараны оқушы Бисенбай Назардың әкесі Биримжаров Руслан ұйымдастырды. Кездесу барысында жауапкершілік ұғымының мәні, оның бала тұлғасының қалыптасуындағы маңызы және өмірде жетістікке жетудің негізгі факторларының бірі екендігі туралы әңгіме өрбіді. Оқушылар мен ата-ана арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, өмірлік мысалдар арқылы жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді. Бұл кездесу оқушылардың өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауына бағыт берді.
Сонымен қатар 8 «Б» сыныбында «Ұлттық өнер – ұлт қазынасы» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді. Іс-шараны сынып оқушыларының ата-аналары Турешева Гульвера мен Ермекова Гулназ ұйымдастырды. Шеберлік сағаты барысында оқушыларға қазақ халқының ұлттық қолөнер бұйымдарының бірі – құрақ көрпе құрау және қамшы жасау өнерінің ерекшеліктері таныстырылды. Ата-аналар ұлттық бұйымдардың жасалу жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп, олардың тұрмыстағы, тәрбиелік және мәдени маңызы туралы кеңінен түсіндірді.
Іс-шаралар барысында оқушылар ата-баба мұрасын құрметтеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жауапкершіліктің маңызын терең түсінді. Сонымен қатар ата-аналардың мектеп өміріне белсенді қатысуы отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайта түсті.
Осындай мазмұнды кездесулер арқылы оқушыларға өмірлік құндылықтарды дәріптеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.