Мектеп психологтары мен интернат тәрбиешілері апталығы аясында 5 наурыз күні ұйымдастырылған көңілді үзілісте музыка әуелеп, әсем әндер шырқалды. Оқушылар әнге қосылып, белсенді демалды. «Қолөнердің адамның көңіл күйіне әсері» тақырыбында интернатта тәрбиеленіп жатқан қыз балалармен шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық қолөнердің маңызын түсіндіру, қазақ халқының ою-өрнек пен сәндік қолданбалы өнер дәстүрлерін насихаттау, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Шеберлік сағаты барысында Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының өнер бөлімінің кітапханашысы Шарипова Айнұр Джайдарбекқызы қыз балаларға қазақтың ұлттық этно-брошкасын жасау тәсілдерін көрсетіп, оның жасалу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар әрбір ою-өрнектің өзіндік тарихы мен терең мағынасы бар екені айтылып, ұлттық өнер – халықтың рухани қазынасы екені кеңінен түсіндірілді. Дәстүрлі өнерді дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Шеберлік сағаты барысында қыз балалар түрлі ою-өрнектерді пайдаланып, әсем түйреуіштер дайындады.