Мектебімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ата-аналар мектебі» жобасы өз жалғасын табуда.
Жоба аясында оқушылардың тұлғалық дамуына, кәсіби бағдар алуына және өмірлік мақсаттарын айқындауына бағытталған мазмұнды сынып сағаттары ұйымдастырылуда.
8 «А»-сыныбында «Арманға апарар жол – білім» тақырыбында сынып сағаты өткізіліп, ата-ана Аманқос Сағынұлы қатысты. Спикер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып, «Бизнес және басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген. Кездесу барысында білімнің адам өміріндегі маңызы, мақсатқа жетудегі табандылық, өзін-өзі дамыту, уақытты тиімді пайдалану және жауапкершіліктің рөлі нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірілді. Оқушылар тұлғаның қалыптасуындағы мінез кемелдігі, тәртіп пен өзін-өзі басқару дағдылары жайында құнды ойлармен танысты. Аталған сынып сағаты оқушыларға ерекше әсер қалдырып, олардың оқу мотивациясын арттыруға және болашаққа деген сенімін күшейтуге ықпал етті.
8 «В»-сыныбында да аталған жоба негізінде «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылды. Ата-аналар Индира Салтановна мен Гульмира Мендыбаевна оқушылармен кездесу өткізіп, оқушыларға мамандық таңдаудың маңыздылығы, заманауи және жаңа мамандықтар, жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі жөнінде әңгімелеп, оқушылар кәсіби бағдар жөнінде маңызды мәліметтер алды. «Вулкан» және «Неньютондық сұйықтық» тәжірибелері көрсетіліп, химиялық және физикалық құбылыстар тәжірибе арқылы түсіндірілді. Бұл жұмыстар оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттырып, зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Осындай тағылымды кездесулер ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, болашаққа сенімді қадам жасауына жол ашады.