16 ақпан күні лицейімізде «Киберлицей: Информатика әлеміндегі тылсым» тақырыбындағы информатика және ақпараттық технологиялар апталығының салтанатты ашылуы өтті. Апталық атмосферасы Stranger Things стилінде ерекше безендіріліп, оқушыларды цифрлық әлемнің құпияларына жетелейтін креативті форматта ұйымдастырылды.
Апталықтың негізгі мақсаты – оқушылардың информатика, бағдарламалау және робототехника салаларына деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Таңертең оқушыларды қызықты ойындармен қарсы алып, тәттілер таратылып, ерекше атмосфера қалыптастырылды. Бұл бастама оқушылардың көңіл-күйін көтеріп, апталықтың мазмұнды өтетініне серпін берді.
Қоңырау кезінде 11-сынып оқушыларына арналған «Ақылды үзіліс» ұйымдастырылды. Тапсырмалар Stranger Things стилінде құрастырылып, жылдам ойлауды қажет ететін тапсырмалар ұсынылды. Оқушылар белсенді қатысып, жұппен жұмыс жасау арқылы өздерінің білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
«Адам санасы VS ЖИ» дебат
Апталық аясында 10–11 сынып оқушылары арасында «Адам санасы VS ЖИ» тақырыбында танымдық дебат ұйымдастырылды. Қатысушылар екі топқа бөлініп, «ЖИ – болашақтың негізгі қозғаушы күші» және «Адам санасы – шешуші фактор» позицияларын қорғады. Оқушылар нақты дәлелдер келтіріп, өмірден мысалдармен, IT саласындағы жаңалықтармен өз пікірлерін негіздеді. Дебат барысында жасанды интеллекттің жылдамдығы мен деректерді өңдеу қабілеті жоғары екені айтылса, адам санасының шығармашылық ойлау, интуиция және жауапкершілік секілді артықшылықтары ерекше аталып өтті. Іс-шара оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, технология мен адамзат болашағы туралы терең ойлануына мүмкіндік берді.