Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні, қазақта Амал мерекесі деп те атайды. Бұл - қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.
Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Бұл күні жасы кішілер жасы үлкен әулет мүшелеріне саулық тілеп, үй-үйді аралайды. Кішкене балалар әр үйден кәде-сый алады. Әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашу керек деген де бар.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айтады.
Бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі - Көрісу күні білім ошағымызда таңертең сағат 7.45-8.15 аралығында оқу үдерісіне кедергі келтірмейтіндей етіп ұйымдастырылып, айырықша атап өтілді. Ұстаздар қауымы мен оқушыларымыз ұлттық киімдерін киіп, дастарханды тәтті-дәмдіге толтырып, бір-біріне ақ тілек арнап, төменгі сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларына ізет көрсетіп, ілтипатын білдірді. Шара барысында халық әндері мен күйлерінен шашу шашылып, ұлттық өнеріміз дәріптелді.
Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!