Апталықтың бесінші күні оқушыларды өткеннің өнегелі белестеріне бастады. Бұл жолы шәкірттер ХХ ғасырдағы Алаш қозғалысы мен тәуелсіздікке бастар күресті ойша жаңғыртып, халқымыздың азаттық жолындағы асыл мұраттарын терең сезінді.
Қазақ зиялыларының ел болашағы үшін жасаған ерлікке толы еңбегі түрлі тапсырмалар арқылы қайта түледі. Бүгінгі “Минуттардан тарихқа” атты кәсіби диалог уақыттың тар шеңберінде-ақ ғасырлар жүгін сезіндіре алды. Бірнеше минут ішінде тарихи оқиғаларды саралап, деректерді дәлдікпен салыстыру – ұстаздардың есте сақтау мен талдау дағдыларын айрықша шыңдады.
Апталықтың ерекше сәттерінің бірі – Әдеби демалыс аймағының ашылуы болды. “Бір сынып – бір кітап” шарасы аясында оқушылар тәуелсіздік жылдарында жарық көрген көркем және тарихи бағыттағы кітаптармен танысып, олардың мазмұнын талқылады. Бұл бастама жас оқырмандарды кітап әлеміне жетелеп қана қоймай, ұлттық ойлау кеңістігіне де жақындатты.
Тарих пен әдебиетті тоғыстырған бұл апталық жас ұрпақтың рухани әлеуетін арттырып, білім мен тәрбие сабақтастығының мәнін айқын көрсетті.
Апталық қорытындысында үздік қатысушылар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен ынталандырылды.