Апталықтың үшінші күні оқушылар «Уақыт машинасы» арқылы Ұлы Жібек жолының сан ғасырлық тарихына саяхат жасап, көне дәуірдің тынысын сезінді. Мыңдаған шақырымға созылған керуен жолының бойындағы өркениеттерді ойша тірілткен шәкірттер сауда керуендерінің қозғалысы, қалалардың дамуы мен мәдени байланыстарға қатысты танымдық тапсырмаларды орындап, өткенге бастар ерекше сапарға шықты.
Бүгінгі «Керуен көшінің хикаясы» атты ақылды үзіліс те жас жиһангездерді сол тарихи сүрлеуге ертіп, Ұлы Жібек жолының шынайы келбетін айқын сезінуге мүмкіндік берді. Әр тапсырма – уақыт қойнауынан жеткен белгі іспетті. Ал оны шешу – көне дәуірдің үнін тыңдап, ұмыт қалған тарихты қайта жаңғыртудай әсер сыйлады. Керуеншілердің өмір салты, сауда жолындағы қалалардың құпиясы, алыс-жақын елдер арасындағы байланыс – барлығы оқушылардың таным көкжиегін кеңейте түсті.
Сонымен қатар 9-сынып оқушылары үшін «Ұлы Жібек жолы: құпия квест» ұйымдастырылып, қатысушылар бірнеше керуен тобына бөлініп, ежелгі шаһарларды «аралап», жасырылған жұмбақтарды шешті. Квесттің басты мақсаты – тарихи сананы оятып, Ұлы Жібек жолының өркениеттер торабындағы рөлін тәжірибе арқылы ұғындыру, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту және логикалық ойлау қабілетін шыңдау болды.
Сайыс соңында керуен топтары ғасырлар қойнауында жоғалып кеткен Ұлы Жібек жолының картасын тауып, бірігіп құрастырып шықты. Бұл олардың ұйымшылдығы мен ізденімпаздығын айқын көрсетті. Бүгінгі шаралар оқушыларға тарихи деректерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беріп, білімге деген ынтасын күшейтті.
Өткізілген барлық іс-шараларға белсенді қатысып, тапқырлығы мен қызығушылығын танытқан оқушыларға зор алғыс айтамыз!
Ұлы жолдың тарихын таныған ұрпақ – өз рухани бағытын айқындайды.