Апталықтың екінші күні оқушылар «Уақыт машинасы» туындысы желісінде Көне Түркі қағанаты дәуіріне ойша саяхат жасады. Сол заманның рухын сезінген шәкірттер түркілердің мемлекеттік құрылымы, мәдениеті мен жазба мұралары туралы түрлі тапсырмалар орындап, қызықты білім сапарына шықты.
Бүгінгі "Тасқа жазылған сыр" атты ақылды үзіліс оқушыларды мыңжылдықтар тереңіне жетеледі. Құпияға толы руна таңбаларынан шифр құрастырып, тасқа танылған нақыл сөздердің мәнін ашу – жас зияткерлер үшін нағыз рухани сапар болды.
Оқушылар көне таңбалардың жұмбағын шешіп қана қоймай, бабалар қалдырған өсиеттің бүгінгі күнге маңызын сезінді. Әрбір шешілген сөз – тарихпен тілдескендей ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар 8-сынып оқушылары арасында ұлттық рух пен тарихи сананы ұштастырған «Рух пен руна» интеллектуалдық турнирі ұйымдастырылды. Жарыстың мақсаты — жас ұрпақтың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көкжиегін кеңейту және логикалық ойлау қабілетін дамыту.
Турнир екі кезеңнен тұрды:
* Командалық сайыс – оқу және математикалық сауаттылыққа негізделген мәтіндермен жұмыс;
* Топтық сайыс – оқушылардың тапқырлығын шыңдайтын логикалық сұрақтар легі.
Шара барысында оқушылар өз білімдерін сенімді көрсетіп, өзгеше көзқарас пен ізденімпаздық танытты. Зияткерлік дода тарихи құндылықтарды жаңаша қырынан зерделеуге жол ашып, жас буынның рухани әлемін байытуға ықпал етті.
Шараларға белсене қатысқан барлық оқушыларға шын жүректен алғыс айтамыз!