Білім мен тәрбиені ту еткен, болашаққа жол сілтейтін қасиетті қарашаңырақ — Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатында 2025–2026 оқу жылының басталуына арналған «Мектебім — мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтті.
Мектеп ауласын шаттық пен үмітке толтырған бұл күнде білім ордасының директоры Ж.М.Шонбаев барша ұстаздар қауымын, ата-аналар мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, шәкірттерге ілім мен ізгілік жолында толағай табыстар мен биік белестерді бағындыруды тіледі. Әсіресе, өмір жолындағы шешуші кезеңге қадам басқан 11-сынып оқушыларына сәттілік пен серпін тілей отырып, білімнің асқар шыңына жету жолында тынымсыз еңбек етуге шақырды.
Салтанатты жиын барысында директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Айгүл Мұратқызы Гиниятова 2025 жылдың сәуір айында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8 сынып оқушыларына арналған Республикалық жасөспірімдер олимпиадасында оза шауып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларды көпшілік алдында марапаттады. Сондай-ақ, «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форум аясында ұйымдастырылған «Менің кәсібім — менің бизнесім» атты бизнес-жоба байқауының республикалық кезеңінде ІІ орын иеленген 11-сынып оқушысы Нарыкова Айдина да арнайы марапатқа ие болды.
Бұл күнгі қуанышқа ортақтасқан ата-аналар да жүрекжарды лебіздерін білдірді. 7-сынып оқушыларының ата-анасы атынан сөз алған Куанышбаева Мөлдір Русланқызы барша ұстаздар қауымына, оқушылар мен ата-аналарға жаңа оқу жылының әр күні құт-береке мен жарқын жетістіктер әкелуіне тілектестігін жеткізді.
Жиын барысында мектеп оқушыларының өнері көрермен көңілін бір серпілтіп, әсерлі әндер мен мың бұралған би мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мерекенің шарықтау шегі – алғашқы қоңырау соғу сәті де ерекше мәнге ие болды. Бұл құрмет — лицейіміздің халықаралық және республикалық деңгейдегі білім бәйгелерінде топ жарып жүрген, «Алтын белгіге» үміткер 11-сынып оқушысы Раш Дарын мен білім бәсекесінде үздік нәтиже көрсетіп, лицей табалдырығын енді аттаған 7-сынып оқушысы Серік Айаруға табысталды.
Осылайша, жаңа 2025–2026 оқу жылы білім мен үмітке толы ерекше сәттермен бастау алды. Барша білім алушыларға жарқын болашаққа бастар жолда толағай табыстар тілейміз!