2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай мектеп педагогтеріне арналған “ІІІ Педагогикалық триумф - 2025” жыл қорытындысы кеші өткізілді. Шараға мектеп қызметкерлері, мұғалімдер қатысты. Аталған шараның өтуіне демеушілік көрсеткен «Банк ЦентрКредит» АҚ.
2024-2025 оқу жылы лицейіміз үшін табысты жыл болды. Дарынды оқушыларымыз бен талантты ұстаздарымыз облыстық және республикалық байқауларға, пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар байқауларына, шығармашылық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жыл бойы оздырылған мектепішілік оқу-тәрбиелік шараларда шәкірттерге білім мен тәрбиені қатар беріп, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жаңашыл ұстаздарымыз бен мектеп қызметкерлерінің арқасында жеткен жетістіктеріміз аз емес. “Педагогикалық триумф” кешінің мақсаты да – мектеп мұғалімдері мен қызметкерлердің еңбегіне құрмет көрсетіп, үздіктерді марапаттау.
«Педагогикалық триумф» кеші мектеп директоры Жеңіс Меңдіғалиұлының құттықтау сөзімен басталды.
Кеш барысында лотерея ойыны ойнатылып, берілген билеттегі реттік номер бойынша ұтыс ойнатылып, бағалы сыйлықтар иелеріне табысталды.
«Педагогикалық триумф аталымдары бойынша қарастырылған критерийлерге сәйкес мұғалімдердің жалпы ұпайлары есептеліп, он бір аталым бойынша марапатталды. Әрбір аталымға қарастырылатын критерийлерге сәйкес үш үміткер анықталып, марапатталды. Олардың ішінен ең үздік көрсеткіші бар ұстаз жеңімпаз атанды.
- ҮЗДІК ПӘН МҰҒАЛІМІ аталымымен пән бойынша оқушылары жыл бойы облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарға қатысып жүлделі орындардан көрінуі, мектептің оқу-тәрбие шараларына белсене қатысуымен көзге түскен роботтық техника үйірмесінің жетекшісі Бекчурина Айнур Тулегеновна марапатталды.
- ҮЗДІК ОЛИМПИАДА ЖЕТЕКШІ аталымымен дарынды балалармен жұмысты іске асыруда оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандырып, пән олимпиадаларына оқушылардың сапалы дайындығын ұйымдастырғаны үшін тарих пәні мұғалімі Аманбаев Аскар Саинович марапатталды.
- ҮЗДІК ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ аталымымен дарынды балалармен жұмысты іске асыруда оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандырып, ғылыми жобалар байқауына оқушылардың сапалы дайындығын ұйымдастырғаны үшін химия пәні мұғалімі Қоныспай Райхан Қуанышқызы марапатталды.
- ҮЗДІК БЕЙНЕРОЛИК - жыл қорытындысы бойынша ұйымдастырылған «Менің шығармашылық жетістігім» тақырыбындағы бейнероликтер байқауында өзіндік педагогикалық идеясы мен шығармашылығын үздік таныстырғаны үшін химия пәні мұғалімі Ермекова Гулмаржан Болекбаевна марапатталды.
- ҮЗДІК ЖОСПАРЛАУ аталымы бойынша оқу жылындағы толтыруға міндетті іс-құжаттарды мерзімімен орындап, сабақ жоспарлары мен күнделік журналын жүргізудегі жауапкершілігі үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Манкишева Айымжан Мендыхановна марапатталды.
- ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІ аталымымен сыныптағы тәрбие жұмысын ұйымдастырып, әрбір білім алушының оқу үлгерімі мен тәртібіне қамқорлық көрсетіп, адамгершілік құндылықтарды, әдеп-этикалық міндеттерді қалыптастырғаны үшін 8А сыныбының сынып жетекшісі Кожахметова Ляззат Асылбековна марапатталды.
- ҮЗДІК ЖАС МАМАН аталымы бойынша жас ұстаздар арасында өзінің білімі мен кәсіби шеберлігін көрсетіп, жүктелген міндеттерді сапалы орындап, іскерлігі және шығармашылығымен мектептің қоғамдық шараларына белсенді қатысқаны үшін биология пәні мұғалімі Хамит Гүлдана Ипмағамбетқызы марапатталды.
- ҮЗДІК ТЕСТ ҚҰРАСТЫРУШЫ аталымымен білім алушылардың үлгерімін, оқу материалдарының мазмұнын меңгеру деңгейін анықтау үшін өткізілетін ағымдық сынама тестілеу тапсырмаларын талапқа сай дайындағаны үшін география пәні мұғалімі Медресова Багдагул Абишовна марапатталды.
- ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕР аталымымен мектептің оқу үдерісін оңтайландырып, мектеп оқушылары мен интернат тәрбиеленушілерінің рухани және адамгершілік қасиеттерін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы ерекше еңбегі үшін мектептің бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі маманы Насиболла Нұркелді Ермекұлы марапатталды.
- ҮЗДІК ТӘРБИЕШІ аталымымен жеке тұлғаның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескеріп, интернат тәрбиеленушілерінің оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы ерекше еңбегі үшін мектеп-интернат тәрбиешісі Муканбетиарова Айымгул Алпамысовна марапатталды.
- ҮЗДІК ҰЖЫМДЫҚ ЖҰМЫС аталымымен мектепішілік шараларды белсенді ұйымдастырып, әдістемелік пән апталығында шығармашылық белсенділіктерін көрсеткені үшін информатика және ІТ, роботтық техника пәні мұғалімдері ұжымы және жаратылыстану пәні мұғалімдері ұжымы марапатталды.
- «ЕҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМ – 2025» аталымына ие болған 2024-2025 оқу жылындағы педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін физика пәні мұғалімі Жасталап Әсел Талғатқызы марапатталды.
Банк Центр Кредит АҚ демеушілігімен марапатталған ұстаздарымызға қаржылай сыйлықтар табысталды.