2023 жылдың 11-15 желтоқсан аралығында білім ордамызда Тәуелсіздік күнімен орайластырылып, "Тіл мен тарих - ұлт тағдары" тақырыбында тарих және қазақ тілі мен әдебиеті апталығы оздырылды.
Тіл мен тарихтың мол мұрасымен кеңінен таныстырып, адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, аталған пәндерге деген оқушылардың қызығушылықтарын арттыру, пәндер бойынша білімдерін кеңейту, тарихқа, тілге деген құрметті дарыту мақсатында ұйымдастырылған апталықтың ашылуында пән мұғалімдері ойын ұйымдастырып, "Майлы сұрақтар" (бауырсақ) бойынша жұмбақтар жасырса, "Тәтті сұрақтар" (тәттілер) бойынша сұраққа мақалмен жауап алды, "Қатты сұрақтар" (құрт) бойынша берілген үзіндіден көркемдегіш құралдар таптырса, "Сұйық сұрақтар" (көже) бойынша тарихи сұрақтар қойды. Апталық аясында жоспарға сай пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен интеллектуалдық бағытта «QAZAQSHA QUIZZ» ойыны өтті. 4 турдан тұрған ойында 10-11-сынып оқушылары өзара бақ сынасты. Сайыс барысында білім алушылар тарихи және әдеби сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін шыңдай түсті. Тартысты әрі қызықты өткен сайыста "Қазақ" тобы жеңімпаз атанды.
Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алған білімдерін тереңдету, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында 9“а”, “б”-сыныптың тілге шешен, сөзге жүйрік оқушыларының қатынасуымен “Сөзмерген” тіл білгірлері сайысы ұйымдастырылды. Сайыс өте тартысты өтіп, нәтижесінде 9“а”-сыныбы командасы жеңімпаз атанды.
Оқушылардың көпшілік алдында көсіліп сөйлеу және сыни тұрғыда ойлау шеберлігін дамыту, өз көзқарастарын еркін жеткізу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жоспарға сәйкес “Роль партии “Алаш” в истории становления независимого Казахстана” тақырыбында дебат өткізілді. Оған 8б, 9с-сынып оқушылары қатысты. Пікірсайыс өз мақсатына жетіп, оқушылар тыңғылықты дайындықтарын көрсете білді.
Сондай-ақ пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен үзіліс кезінде 8б, 9с-сыныптарына "ҰЛЫДАН ЖЕТКЕН ҰЛАҒАТ", 7-8-сыныптарына "TARIH BATTLE", 10-сыныптарға "СЕН БІЛЕСІҢ БЕ? танымдық ойындары өткізіліп, "ТӘУЕЛСІЗДІК - АМАНАТЫМ" тақырыбына радио хабарлама ұйымдастырылды.
Мақсаты: үзіліс кезіндегі оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндері бойынша оқушылардың білімдерін шыңдау.
Апталық барысында мұғалімдердің шеберлігі мен оқушылардың белсенділіктері байқалды. Апталық “Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы" атты мерекелік концертімен қорытындыланды, белсенділік танытқан оқушылар «Мадақтама» қағазымен марапатталды.