5-мамыр күні Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» шығармасына арналған «Кітап оқу бәйгесінің» қорытынды кезеңі өткізілді. Шара оқырмандардың тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын арттыру, қазақ ғылымының көрнекті өкілі Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметін тереңірек таныту, танымдық кітаптарды терең меңгеруге ынталандыру мақсатында өткізілді.
Қорытынды кезең Kahoot платформасы арқылы тест форматында өтті. Қатысушылар кітап мазмұнына қатысты түрлі сұрақтарға нақты әрі жылдам жауап беріп, білім деңгейлерін сынады. Бұл әдіс қатысушылар арасында әділ бәсекелестік орнатып, танымдық деңгейін тексеруге мүмкіндік берді. Тест нәтижесінде 10-сынып оқушысы Серік Тоқтар 1-орын, 10-сынып оқушысы Мәлік Әділ 2-орын, 9-сынып оқушысы Жасқыран Жігер 3-орынды иеленді.
Шара барысында Readx форматында мазмұнды ойлар айтылып, әсерлі пікірлер ортаға салынды. Мектебіміздің математика пәні мұғалімі Акшиев Шыңғыс Бекжанұлы және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сапарова Зухра Тельманқызы, сондай-ақ 10-сынып оқушысы Ғалымжан Марлен спикер ретінде сөз сөйлеп, кітаптағы негізгі ойларды талдап, Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынды.
Мектебіміздің бағдарлы оқыту жөніндегі директордың орынбасары Айгүл Мұратқызы «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын тегін оқуға мүмкіндік берген автор Санжар Керімбайға және «Зерек» оқу орталығына үлкен алғыс білдірді. Сонымен қатар, оқырмандардың жалынды жарысын тамашалап, құттықтау сөз алып, марапаттаған «Зерек» оқу-ағарту орталығының жетекшісі, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының БҚО бойынша өкілі Жұмабай Манарбек Сайынұлы дүниежүзілік кітап күніне орай республикалық семинарға барғанын баяндай отырып, Қазақстан бойынша «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын 3 өңір жоғары деңгейде оқып жатқанын хабарлады және Орал қаласы бойынша біздің мектебіміздің көш бастап тұрғанын баса айтуы көңілді көншітті.
Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Танымдық шара оқушылар мен ұстаздар қауымын Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасына терең бойлауға шақырумен аяқталды.