Бүгін мектебімізде 2023 жылғы мектеп түлектеріне арналған «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау!» салтанатты шарасы өтті.
Мектебіміздің 36 түлегі үшін соғылған соңғы қоңырауға ардагер ұстаз, «Орал қаласының Құрметті азаматы» Сапаров Ерсайын Қадырұлы қатысты.
Шара ҚР Мемлекеттік гимнімен ашылды. Алғы сөз алған мектеп директоры Шонбаев Жеңіс Меңдіғалиұлы түлектерге ақ жол, сәт сапар тіледі. Ата-аналар атынан Жұрмағанбетов Роллан Болатұлы ақ тілегін арнады.
Салтанатты шара барысында мектебіміздің жоғарғы нәтижеге қол жеткізген шәкіртіне қолдау көрсету мақсатында қамқоршылық кеңес мүшесі Сапаров Ерсайын Қадырұлы «Жыл таңдауы-2023» номинациясын 10 «д» сынып оқушысы Құспан Гүлбақытқа табыстап, жас түлектерге аталық ақ тілегін арнады.
Одан кейінгі сөз кезегі лицей түлектері атынан 11 «а» сынып оқушысы Утегулова Меруертке берілді. Олар білім нәрімен сусындатқан мектеп мұғалімдеріне гүл шоқтарын ұсынып, артынан ерген ізбасарларына алтын ұя мектептерін аманаттады.
Шара түлектердің мектеп вальсімен өрбіп, мектеп бітірушілер соңғы қоңырау үнін сыңғырлатты. Түлектердің арманын биікке ұшырып, ең үлкен өмір мектебіне шығарып салатын салтанатты шара 11 сынып оқушылары Жұрмағамбетов Алияр мен Халиуллин Мадиярдың орындауындағы «Уақыт» әнімен қорытындыланды.