Бүгін мектеп-лицейімізде тіршілік атаулыға жан бітірген көгілдір көктеммен қатар келетін ең аяулы, ең тамаша, ең бір ғажап мереке - халықаралық әйелдер мерекесі аталып өтті.
Мерекеге орай жігіттер қауымы ұжымдағы нәзік жандыларды әсем сазды әуенмен, қол шапалақпен, жылы лебіздерімен қарсы алып, сыйлықтар үлестірді. Азаматтарымыздың идеясымен, өз қолдарымен жасаған безендірулері - бәрі де мектебіміздің гүлдей жайнаған аруларына арналды. Мерекелік шара мектеп ер-азаматтары атынан жайылған мерекелік кәсіби диалогпен жалғасын тауып, ақжарма көңілден ақ тілектер атқарылды. Аруларымыздың күлімдеген жүздерінен, ерекше көңіл-күйлерінен осынау әсем көктемнің лебі сезілгендей.
Гүл жайнаған көктем мен гүлдей құлпырған арулар қашан да бір ұғым іспеттес. Бұл күні мектебіміздің барша нәзік жандылар қауымы ер-азаматтардың, мектеп оқушыларының ыстық ықыласына, ерекше құрметіне ие болған мерекелік кештердің куәсі болды. Мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен өткізілген мерекелік концертте әсем әндер шырқалды, домбыраның шанағынан күй төгілді, би де биленді, хормен ән де айтылды, театрландырылған қойылым да, әдемі әзіл де ұсынылды. Ал ұжымдағы ер-азаматтар ұсынған мерекелік концерт барысында ер-азаматтарымыз бар өнерлерімен көктем көңілге нұр, жүрекке жыр, кеудеге әсем әуен сыйлай білді. Осындай әсерлі кеште мектеп директоры Жеңіс Меңдіғалиұлы әйелдер қауымын мерекемен құттықтады, ұжымдағы ер азаматтардың атынан барлық әйелдер қауымына гүл шоқтары табыс етілді.
Құрметті, ардақты аналар, аяулы арулар! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Сіздерге зор денсаулық, өмірдің бар сәттіліктерін, отбасының амандығы мен бақытын тілейміз!
Құлпырыңыздар! Жайнаңыздар! Жарқырай беріңіздер!