Апталықтың төртінші күні оқушылар тарихи жадқа тағы бір мәрте үңіліп, Қазақ хандығының қалыптасу жолын тереңірек тануға мүмкіндік алды. «Ел болудың ерең жолы» атты ақылды үзіліс жас буынды XV ғасырдың тағдырлы кезеңіне жетелеп, елдік пен бірліктің қадірін ұғындырды.
Әр тапсырма – ел болудың ауыр да жауапты жолынан сыр шертетін белгі іспетті. Ал оны орындау – бабалардың ұлы мұратын жүрекпен сезінуге мүмкіндік берді.
Күннің басты шараларының бірі — «Билер соты» шешендер мен білгірлер сайысы. Бұл додада 9–11-сынып оқушылары билердің дәстүрлі дауларды шешу тәсілін сахналық-ойын формасында жаңғыртып, Төле, Қазыбек, Әйтеке, билердің, Сырым батырдың әділдікке толы шешімдерінен үлгі алды. Әр топ күрделі дауларды шешуде тапқырлық танытып, дәлелді сөз, уәжді ой айту арқылы шешендік өнердің қыры мен сырын паш етті. «Тура биде туған жоқ» деген ғасырлық қағидаттың маңызын ұғынған оқушылар әділдік пен парасаттың қазақ қоғамындағы орны ерекше болғанын тағы бір рет сезінді.
Сайыс соңында қазылар алқасы қатысушылардың білімін, тапқырлығын және сөйлеу мәдениетін жоғары бағалады. Бүгінгі шара жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, елдік мүддені қорғауда сөздің күші мен әділдіктің салмағы қандай болғанын терең ұғындырды.