2025 жылдың көктемінде еліміздің әр түкпіріндегі мектептерде соңғы қоңырау соғылып, жас түлектер үлкен өмірге жолдама алуда. Солардың қатарында біздің лицейіміздің 41 түлегі де алтын ұямен қоштасып, жаңа белестерге қадам басып отыр. Осыған орай, оқу ордамызда «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік шара аясында мектепте жүзеге асырылып келе жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша бірқатар оқушылар мен сыныптар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік талпыныс», «Кітапқұмар оқырман», «Оқуға құштар сынып», «Үздік оқырман сынып – 2025», «Үздік оқырман отбасы – 2025» және «Кітап оқу көшбасшысы – 2025» сынды аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Бұл марапаттарды мектеп кітапханасының меңгерушісі Қуанова Шаттық Асылбекқызы мен «Қамқоршылық кеңесінің» мүшесі Бекмағанбетова Айнұр Сабыровна табыстап, үздіктерге естелік сыйлықтар тапсырды.
Сонымен қатар, оқу жылы бойы үздік нәтиже көрсеткен озат оқушылар мен пәндік олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жеткен шәкірттер де назардан тыс қалмады. Олар да лайықты марапаттарға ие болды.
Кештің ерекше сәті — оқу жылының ең беделді марапаты саналатын «Үздік жыл таңдауы – 2025» атағының иегерін анықтау болды. Бұл мәртебелі атақ 11-сынып оқушысы Аманғали Ақылбекке бұйырып, марапатты мектеп директоры Шонбаев Жеңіс Меңдығалиұлы мен кеңес мүшесі Бекмағанбетова Айнұр Сабыровна табыстады.
Салтанатты жиын барысында ата-аналар атынан құттықтау сөз сөйлеген мектеп түлегі, Аманғали Ақылбектің атасы Таудаев Аманғали Салахатдинович түлектерге жүрекжарды тілегін арнап, болашақтарына сәттілік тіледі.
Кеш соңында түлектер ұстаздарына алғыс білдіріп, дәстүрлі вальс биледі. Бұл сәттер мектеп тарихында ғана емес, әрбір түлектің жүрегінде жылы естелік болып қалары сөзсіз.