2025 жылдың 7 наурызы мен 18 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында ұйымдастырылған IT бағытындағы республикалық байқауда лицейіміздің оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Аталған байқауға еліміздің әр аймағынан үздік қатысушылар жиналып, өз білімдері мен дағдыларын сынға салды. Байқау барысында ақпараттық технологиялар саласы бойынша түрлі тапсырмалар мен жобалар ұсынылды.
Лицейіміздің 11-сынып оқушысы Мұқтар Айкөркем «Жас IT – дарын» аталымы бойынша II орын иеленсе, тағы бір оқушымыз Маратова Мейрім «Жас IT – іздеуші» аталымында III орын жеңіп алды. Жетекшісі – информатика пәні мұғалімі Ляззат Асылбекқызы.
Жеңімпаздар бүгін, Алматы қаласында салтанатты түрде марапатталды. Бұл – лицейіміз үшін үлкен мақтаныш әрі оқушыларымыздың білім мен технология саласындағы әлеуетінің жарқын дәлелі.
Оқушыларымызды және олардың жетекшісін шын жүректен құттықтаймыз! Жас дарындарға шығармашылық табыс, биік жетістіктер мен жаңа белестер тілейміз!