«Ата-аналар» жобасы аясында мазмұнды кездесу өтті

Мектебімізде «Ата-аналар» жобасы аясында мектеп пен отбасының ынтымақтастығын арттыру, сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынасты нығайту мақсатында мазмұнды кездесу өтті. 24 қараша күні 7 «Ә» сынып оқушыларын ұлттық қолөнерге баулу, «Өнерді үйрен де жирен» және «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген дана халқымыздың өсиетін жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында тағылымды шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Шараға сыныбымыздың оқушысы Бержан Әзиздің әкесі, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жиенбаев Мирлан Бержанұлы мен Талап Жанболаттың анасы Атауова Әмина Беркінқызы арнайы шақырылып, оқушыларға қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйретті.
Сабақ барысында Мирлан Бержанұлы ер балалармен бірге ұлттық нақышта ою-өрнекпен безендірілген металл бедерлеу жұмысын жүргізіп, балға мен бедерлеуіш арқылы өрнек түсірудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Ал Әмина Беркінқызы қыздармен және оқушылармен ұлттық бояуға қанық, түрлі-түсті әшекейлермен көмкерілген сәнді этнотүйреуіш жасап шығарды.
Шеберлік сағаттарына оқушылар зор ықыласпен, белсене қатысып, өз қолдарымен туынды жасаудың қуанышын сезінді. Өнегелі де әсерлі өткен бұл кездесуден балалар көтеріңкі көңіл күймен, рухани серпіліспен тарасты.











