«AI-САБАҚ: идеядан — интерактивке»: педагогтер тәжірибе алмасты

2026 жылғы 23 қараша күні лицейімізде педагогтердің жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын дамытуға арналған «AI-САБАҚ: идеядан — интерактивке» атты мектепішілік әдістемелік-практикалық семинар өтті.
Семинардың ерекшелігі — қатысушылардың жаңа құралдармен танысып қана қоймай, оларды сабақ құрастыру барысында қолдануы. Педагогтер пәндік бағыттары бойынша үш топқа бөлініп, 7–11-сыныптар аралығынан ортақ тақырып пен оқу мақсатын таңдады. Әр таныстырылымнан кейін өз тақырыптары бойынша сабақтың тиісті бөлімін әзірледі.
«ЖИ көмегімен оқу үдерісін бастау» бөлімінде Есетов Әсет Бейімбетұлы мен Мағзомова Аружан Жақсыбайқызы оқушылардың қызығушылығын ояту және алдыңғы білімін анықтау тәсілдерін көрсетті.
AI-КОД: «Промпттан — көрнекі сабаққа» кезеңінде Иманғалиева Нұргүл Қуандыққызы нақты сұраныс құру, көрнекі оқу материалдары мен тапсырмаларды әзірлеу жолдарымен бөлісті.
«Вайбкодинг: сабақтың жаңа цифрлық мүмкіндіктері» бөлімінде Хамит Гүлдана Ипмағамбетқызы мен Нұрқанова Алтын Аханқызы сабақты қорытындылауға және оқу нәтижесін анықтауға арналған интерактивті құралдар жасау мүмкіндіктерін таныстырды.
Практикалық жұмыс нәтижесінде топтар сабақтың басы, ортасы және соңын біріктіріп, әзірлеген сабақ жоспарлары мен цифрлық өнімдерін қорғады. Жұмыс барысында ЖИ ұсынған дайын ақпаратты тексеру, оқу мақсатына сәйкестендіру және оқушының деңгейіне бейімдеу мәселелеріне назар аударылды.
Семинар аясында Бекчурина Айнур Тулегеновна «Оқушыларды өз бетімен еңбектенуге үйрету» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Оқушының дербес ойлауын, ізденісін және оқу жауапкершілігін дамыту мәселелері талқыланды.
Қорытынды бөлімде қатысушылар кері байланыс беріп, үйренген тәсілдерді өз сабақтарында қолдану жөніндегі ойларымен бөлісті.
Кездесу педагогтерге бірлесіп сабақ әзірлеуге, өзара тәжірибе алмасуға және ЖИ мүмкіндіктерін нақты педагогикалық міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік берді.
















