Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты 2 жыл үзілістен кейін (мектепке қабылдаудың өзгерісіне байланысты) білім сапасының басты көрсеткіші саналатын ҰБТ-да «үздіктер» эстафетасын жалғастырып, межені алдыңғылардың бірі болып кесіп өтті.
Биылғы мектепті аяқтаған 36 түлектің 33-і мемлекеттік білім грантының иегері атанды. (3 түлек өз қалаулары бойынша грант конкурсына құжат тапсырмады. Әділбек Жомарт 11-сыныпта оқып жүріп, Астана қаласындағы «Nazarbaev University-нің» грантын жеңіп алған болатын, ал Радзиевская Дарья РФ-ның «Самара мемлекеттік техникалық университеті», Кажимов Әділ Түркияның «Сакарья қолданбалы ғылымдар университеті» ЖОО-ның студенттері атанды) Түлектеріміз енді еліміздің алдыңғы қатарлы ҚБТУ, Астана ІТ университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Нархоз университеті, СДУ, Астана медицина, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сынды ЖОО-да білім алатын болады.
Талапты оқушылардан талантты жастарды дайындауда мұғалімдеріміздің қажырлы, үздіксіз ерен еңбегі, маңдай тері жатыр. Ұстаздарымызды да құттықтап, алар асуларыңыз биік болсын дейміз.
Адал еңбектің артында батпандай бақ жататын болса, сол бақтың биыл да бұйыратынына сенімдіміз деп оқу жылын бастағанбыз, сенім ақталды.
Бүгін студент статусына ие болып, ата-анасы мен ауыл-аймағын, ұстаздарын қуантып жатқан 2022-2023 оқу жылының түлектерін құттықтаймыз. Өмірден адаспай жол тауып, сан салада үздік атаныңыздар.
Білімді, білікті түлектеріміз - мектеп үшін мақтаныш. Мәртебең әрдайым биік болсын, мектебім!