22 мамыр күні 7-8 сынып оқушылары «Батыс су арнасы» ЖШС-на экскурсияға барып келді. Оқушылардың экскурсияға барудағы негізгі мақсаты: химия пәні бойынша таңдау курсында алған теориялық білімдерін практикамен байланыстыру, оқушылардың ой-өрістерін кеңейту, суды тазартудың технологиясы, қолданылуы және олардың қоршаған ортаға әсері туралы терең білім беру. «Батыс су арнасы» ЖШС Орал қаласын орталықтандырылған сумен жабдықтаудың бірден-бір көзі болып табылады. Экскурсия барысында мекеменің бас технологы оқушыларды ағын суларды тазартудың технологиясымен таныстырды. Су тазарту құрылыстарының құрамына кіретін нысандармен, атап айтқанда айналмалы типтегі қоспалауыштары бар су тартқысы, реагент цехы, сүзгілер мен тұндырғылардың блогы, хлоратор бөлмесі, таза су резервуарларымен оқушыларды таныстырды. Экскурсия барысында оқушылар резервуарларды қызыға тамашалап, сұрақтар қойып, өздеріне қажетті мәліметтерді алды.