«Аталар мектебі» аясында тәрбиелік кездесу өтті
Мектебімізде «Даналық мектебі » жоспарына сәйкес «Ұлттық тәрбие – сөз мәдениеті» тақырыбында аталармен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттау, сөз мәдениетін дамыту, үлкендердің өмірлік тәжірибесі арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру болды.
Кездесуге 7–8 сыныптың ұл балалары қатысып, Мухсим ата, Бисембай ата және Хусаин атамен мазмұнды әңгіме өрбітті. Кездесу барысында аталар қазақ халқының салт-дәстүрлері, тәрбиелік тағылымы туралы айтып, жасөспірімдерге әрдайым мәдениетті, әдепті сөйлеп, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету керектігін атап өтті. Оқушылар ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын танытып, 9-сынып оқушысы Сағаден Сағи домбырамен терме орындаса, 9-сынып оқушысы Әділбекұлы Айсұлтан «Жұмыр қылыш» күйін тартты. Кешті 7-сынып оқушылары Ерболат Бекназар мен Сағидолла Мерей «Адай» күйін мәнеріне келтіріп орындады.Аталған кездесуді мектептің тәрбие бөлімі мен интернат тәрбиешілері бірлесе ұйымдастырды.
Шара жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін нығайтып, рухани-адамгершілік тәрбиесін дамытуға бағытталған маңызды тәрбиелік жұмыстардың бірі болды. Осындай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.