1 наурыз – еліміз үшін ерекше мағыналы күн. Алғыс айту күні 2016 жылдан бері ресми түрде тойланып келеді. Бұл күннің 1 наурызға белгіленуі 1995 жылы дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуымен байланысты.
Мерекенің басты мақсаты – өткен тарихи кезеңдердегі өзара қолдауды еске алып, қоғамдағы сыйластық пен ризашылықты нығайту. Бұл – бірлік пен татулықтың, құрмет пен адамгершіліктің маңызын дәріптейтін күн.
Бүгін лицейімізде ерекше жылы атмосфера орнады. Оқушылар ұстаздар мен сыныптастарын күлімдеп қарсы алып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Аталған шараға 11-сынып оқушылары Ким Роман, Галимуллин Расэль және Беляк Элана белсенді қатысып, қазақ еліне, мектепке және ұстаздарға өз алғыстарын жеткізді. Бұл біздің лицей ұжымындағы ынтымақ пен өзара құрметтің жарқын көрінісі болды.
Алғыс айту күні – шынайы ризашылықтың, бірлік пен достықтың мерекесі. Осындай құндылықтар әрдайым ортамызда сақтала берсін.