Бүгін мектебімізде ерекше толқыныс пен қуанышқа толы сәт – 9-сынып оқушыларына аттестат табыстау салтанаты өтті. Бұл маңызды шара жас түлектердің білім жолындағы бір белесті артқа тастап, жаңа өмірге қадам басуының бастамасы болды.
Шара оқушылардың өздері таңдаған болашақ мамандықтарын таныстыруымен басталды. Олар болашақ кәсібіне қатысты атрибуттарды қолдана отырып, өз армандарымен бөлісті. Бұл – олардың мақсаттарының айқын әрі сенімді екенін көрсетті.
Алғашқы құттықтау сөз кезегі мектеп директоры Шонбаев Жеңіс Меңдіғалиұлына берілді. Ол түлектерге ақ жол тілеп, олардың әрқайсысына үлкен сенім артатынын жеткізді.
Салтанатты сәтте «Үздік аттестат» иегерлері де анықталды. Биыл бұл марапатқа 10 озат оқушы лайық деп танылды.
Шара барысында оқушылардың орындауында ән мен би тарту етілді. Әсіресе, ата-аналар Жұматова Бибінұр Жәрдемғалиқызы мен Бекмағамбетова Айнұр Сабырқызының орындауындағы "Алғыс, ұстазға!" әні көрермендердің жүрегіне жол тапты.
Сынып жетекшілері шәкірттеріне жүрекжарды тілектерін арнап, оларға ақ батасын берді. Сонымен қатар, ардақты ұстаздарға деген ризашылық сөзін Малашева Камшат тебірене жеткізді.
Мерекелік шара соңында 9-сынып оқушылары ұстаздары мен ата-аналарына арнап ән орындап, қоштасу сәтін әсерлі ете түсті.
Бұл күн – оқушылар үшін ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар үшін де қуанышты әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды. Барша түлектерге сәттілік тілейміз!