2025 жылдың 16 сәуір күні лицейімізде “Бірге аттаған қадам – бала болашағы үшін” атты ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың басты мақсаты – оқушылардың оқу үлгерімін жақсарту, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, сондай-ақ денсаулыққа пайдалы әдеттерді насихаттау болды.
Іс-шара барысында лицейіміздің дәрігері А.Т.Галламова барлық сыныптарға жеке-жеке кіріп, ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол кальций жетіспеушілігінің алдын алу, оның ағзаға әсері және дұрыс тамақтанудың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат беріп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, 9 “Ә” сынып оқушылары Маратова Диляра мен Нұрымбетқызы Алинұр “Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі” тақырыбындағы өздерінің зерттеу жобаларын ұсынып, ата-аналармен бөлісті. Оқушылар дайындаған материалдар көпшілікке пайдалы ақпарат беріп, ата-аналар тарапынан оң баға алды.
Жиналыс барысында оқу үлгерімі, сабақтан босату себептері, оқушының тәртібі және ата-ананың баласына көрсететін қолдауы сияқты маңызды мәселелер де қарастырылды. Мұғалімдер оқушылардың оқу процесіндегі белсенділігін арттыру жолдарын атап өтіп, ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіне белсене қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ата-ана мен мұғалім арасындағы тығыз байланыс бала тәрбиесінде үлкен рөл атқаратыны кеңінен талқыланды.
Жалпы жиналыс мазмұнды өтті, ата-аналар көптеген пайдалы ақпарат алып, өз ойларымен бөлісті. Бұл кездесу ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, баланың болашағы үшін бірлесе жұмыс істеудің маңызын айқындады.